полезные ссылки
Аналитика сайта
За год4006
За месяц618
За неделю110
Вчера25
«10 ТАМЫЗ – АБАЙ КҮНІ »
Автор: Зияткер
10-08-2020 13:57
10 ТАМЫЗ – АБАЙ КҮНІ

«Жүрегімнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла...»

(Абай болмысының ерекшелігі туралы ойлар)

   Біз Абайдың даралығын, данышпандығын Құнанбай мен Ұлжанның тектілігінен деп білеміз. Әрине, адамның тегі де көп рөл ойнайды. Бірақ, текті адамдардың барлығынан данышпандар туа бермейді. Жаратылыстың өзі Абайды жүрегінің көзі ашық, сезімтал жан етіп жаратып отыр. Ондай ерекше болмысы бар адамдар жүз жылда бір туатыны анық.

  

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

      Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма, - деп Абай өзінің ішкі жан дүниесінің аса күрделі, жұмбаққа толы екендігін айтқан. Сол жұмбақты шешіп,  жүрегінің түбіне терең бойлаған адам әлі жоқ. Абай «жүрегі» қазір де көп зерттеушіге жұмбақ...

    Абайдың жұмбағы, яғни оның ерекше дарын иесі ретіндегі данышпандығы неде? Менің ойымша, «жүрек» ұғымының тереңдігінде жатыр. Абай Алланы сүйді, ақиқат пен адамзаттың бәрін «бауырым» деп сүйді. Осы үш сүюдің арқасында өзі жасап кеткен ұғым – «толық адам» дәрежесіне жете алды.

    Абайды қараңғы қазақ халқының шамшырағы деп айтсақ қателеспейміз. Надан халықты ескіліктің, сауатсыздықтың шырмауынан алып шығып, дамыған елдер қатарынан көргісі келді. «Қалың елі қазағы, қайран жұрты» жақсы менен жаманды ажырата алмағанына қатты күрсініп, «атаның баласы емес, адамның баласы бол» деген сөзін сынға алған ағайынынан талай көңілі қалған. Ағайын, туысы көп болғанмен, жалғыздықтың күйін көп кешті.

   Атадан алтау,

Анадан төртеу,

Жалғыздық көрер жерім жоқ.

Ағайын бек көп,

Айтамын ептеп,

Сөзімді ұғар елім жоқ,

Моласындай бақсының,

Жалғыз қалдым – тап шыным,- деп ішкі реніші мен қайғысын, жүректегі жалғыздығын айтады. Себебі, сөз ұғатын ел жоқ. Халқы үшін қатты алаңдайды. Оның жүрегіндегі дерт – жалғыздық дерті. Абайдың даралығының, ерекше болмысының өзі осында жатыр.  Қарапайым адам күйбің тірлікпен есі шығып алысып жүрсе,  елі үшін туған Абайдай данышпан халқының болашағына ой тастап, сол уайымы жүрегіне қатты батады. Өз шығармашылығында «жүрек» ұғымын жиі қолданатыны содан болар.

    «Жүректің көзі», «жүректегі айна», «жүректегі қайрат», «жүрек - теңіз», «ызалы жүрек», «ыстық жүрек», «жүрегім менің қырық жамау» т.б. тіркестерді жиі қолданады.

     Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі, - деген екен.

     Ендеше, өзі жиі айтатын «жүректің көзі»  деген не?! Ол – адамның ішкі түйсігі, ішкі үні. Көп адам  тек ақылға ғана сүйеніп,  жүректегі көздерін жауып қояды. Бұл жағдай адамды ақиқатқа алып бармайды. Сол «жүректің көзі» Абай атамызда ерте ашылса керек.

     «Жүрек» ұғымының маңыздылығын Абай атамыз «толық адам» концепциясымен түсіндіреді. Әсіресе, бәріміз жақсы білетін ақыл, қайрат, жүрек туралы нақты ашып жазған он жетінші қара сөзінде және осы қара сөздің жалғасы іспетті «Әуелде бір суық мұз, ақыл зерек» өлеңінде «толық адам деп - ақылы мен қайратын жүрекке билетіп, ғылым жолына түскен адамды» айтқан.

    Өкінішке орай, «толық адам» дәрежесіне жете алмай жүргендер көп. Білімі, ақылы мен жүрегіндегі тазалық, мейірбандылығы бола тұра, бойында қайраты, тәуекелшілдігі жоқ адам қоғамда өзін таба алмай, опық жеп жүреді.

    Жүрегі мен қайраты болып, ақылы қысқа боп жатады. Ондай адамдар да қоғамда сый-құрметке ие бола алмайды. Өзінің күйбің тіршілігінен басқа ештеңе ойлауға шамасы жетпейді.

     Ал енді ақылы, қайраты бар, бірақ мейірімді жүрегі жоқ қаншама адамдар өтті өмірден. Тарихтан да сондай тұлғаларды білеміз.  Осындай қателіктерге бой алдырмау үшін, Абай атамыздың сөздерін төменгі сыныптардан балаға жаттатып, санасына құю керек. Біздің ұлттық идеологиямыз Абайдың сөздері болатын уақыт келіп жетті. Биылғы жылдан бастап күнтізбемізге жаңа мереке қосылды – 10-тамыз, яғни ұлы Абайдың туған күні! Ендеше, Абай атамыздың бүгінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы біздерге аманат! Абай өмір сүрген дәуірден алыстаған сайын оның рухына жақындайтынымыз сөзсіз!

    Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,

 Өлмейтұғын артына сөз қалдырған , - деген өлең жолдарымен келіспеу мүмкін емес...

                                                                                    Қалибекова Г.Қ.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі